«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығы сот арқылы «Айша-биби» кесенесі орналасқан 2 гектар жер учаскесін босатуға қол жеткізді.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бес кәсіпкер музей-қорық аумағындағы техникалық үй-жайларды заңсыз иеленіп, онда сауда қызметін ұйымдастырғаннан кейін жанжал туындаған.
Музей өкілдері жауапкерлердің үй-жайларды пайдалануға қажетті рұқсаттары мен құжаттарының жоқтығын алға тартып, заңсыз иеленген құрылыстарды босатуды талап етіп сотқа жүгінді. Талапкер сонымен қатар тарихи-мәдени музей-қорық аумағында сауда жасауға тыйым салынғанын көрсетті.
Сот талқылауы барысында төрт жауапкер талап-арызды мойындамай, кәсіпкерлердің бірі 2010 жылы даулы ғимараттарды өз қаражатына салып, кейін оларды сауда үшін тегін бергенін мәлімдеді.
Жамбыл аудандық соты ғимараттарды иеленуді заңсыз деп танып, кәсіпкерлерді үй-жайларды босатуға міндеттеді.
Шешіммен келіспеген бизнесмендер оны апелляциялық тәртіппен шағымдануға тырысты, алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Еске сала кетейік, өткен жылдың мамыр айында Жамбыл облысында сақ қорғандары орналасқан жерлер сатылған болатын. Жергілікті тұрғындар хабарлағандай, балбалдар қиратылып, жерлеу орындары толығымен жойылған.
Өз кезегінде кәсіпкер бірнеше рет қайта сатылған учаскеге құжаттар алғанын атап өтті. Оның айтуынша, барлық сұрақтар жергілікті билікке жолдануы керек.
Фонд-бюро расследования коррупции