Балхаш тұрғындары 40 градустық ыстықта бас сорғы станциясындағы апат салдарынан сусыз қалды.
Tengrinews.kz мәліметінше, сорғы станциясында суық судың өшірілуі майлы оқшаулағыштардың тұтануынан болды, бұл терең ұңғымалардағы трансформатор мен сорғы жабдығын істен шығарды.
«Резервтік желіге ауысу жүргізілді. Ұңғымалардағы сорғы жабдығы істен шыққандықтан, қалаға, Балхаш станциясына және Қоңырат шағын ауданына су беру уақытша тоқтатылды. Қазір бас резервуарды толтыру жұмыстары жүргізілуде. Су беру уақыты - шамамен 14:00. 12:00-ге дейін апатты жоюды, 21:00-ге дейін терең ұңғымалардың жұмысын қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», - деді Балхаш әкімі Сапар Сатаев.
Әкімнің апат орнында болып, жағдайды жеке бақылап отырғаны хабарланады. Апатты коммуналдық кәсіпорынның үш бригадасы жоюда. Бұл кемінде 16 адам. Қалада су тасығыш көліктер жұмылдырылғаны белгілі болды. Олар ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарды сумен қамтамасыз етуде.
Айта кетейік, бұл Балхаштағы алғашқы осындай оқиға емес. Өткен жылдың сәуірінде жергілікті тұрғындар бас сорғы станциясының маңындағы магистральдық су құбырының жарылуы салдарынан бес тәулік бойы сусыз қалған еді.
Апат жойылғаннан кейін белгілі болғандай, «Балхаш су» директоры қызметінен босатылды. Содан кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев су құбырының тұрақты жұмысы үшін жабдық сатып алу қажеттігін хабарлады. Ол ұзындығы 22 км желіге ревизия жүргізу қажет екенін айтты.
Фонд-бюро расследования коррупции