Skip to main content

Сотталған бұрынғы Басаман орман шаруашылығы директоры мемлекетке 21,4 млрд теңге төлеуі керек

Submitted by Вера Александрова on

Қостанайда сот Басаман орман шаруашылығы мекемесінің бұрынғы басшысы Асғат Жақашевті мемлекет кірісіне 21,4 млрд теңге төлеуге міндеттеді.

Қалалық соттардың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай облысының орман қоры аумағында өрт қауіпті кезеңде адамдардың болуына белгіленген тыйым салуға қарамастан, Жақашев жеке бригадаларға орманда болуға және ағаш дайындаумен айналысуға заңсыз рұқсат берген.

Нәтижесінде 2022 жылдың қыркүйек айында Басаман және Семиозерный орман шаруашылықтарының, сондай-ақ Әулиекөл ауданының Аманқарағай және Озерное ауылдарының аумағын қамтыған ауқымды өрт болды.

Тергеу ағаш дайындаушылардың жұмысы ауқымды өртке әкеп соқтырғанын анықтады, соның салдарынан өсімдіктер мен жануарлар дүниесі зардап шекті, сондай-ақ 32 мың га астам орман алқабы жойылды. 

Сол кезде Қостанай облыстық соты Асғат Жақашевті кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салып, 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Енді Қостанай қалалық соты уәкілетті органның Жақашев пен оның жұбайына келтірілген залалды өтеу туралы талап арызын қарады.

Сот талапты ішінара қанағаттандырды: жауапкерден мемлекет кірісіне залалдың орнын толтыру ретінде 21 млрд 436 млн теңге, оның ішінде облыстық бюджетке – 18 млрд теңге және аудандық бюджетке – 326 млн теңге өндіріп алуды бұйырды.

«Жалпы үлестік меншік белгілеу және Д. жұбайының ½ үлесіне өндіріп алуды қолдану бөлігіндегі талапты сот мерзімінен бұрын деп санады», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, қараша басында «Семей орманы» резерватындағы өрт салдарынан 14 қызметкер қаза тапқан оқиға бойынша «Қазавиаорманқорғау» РМК бұрынғы бас директорының міндетін атқарушы Талғат Әлиев сотталды. Сот оны экология министрлігіне өрттен келтірілген залал сомасын 161,5 млрд теңге мөлшерінде төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ ол 4,8 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеуі керек.