Skip to main content

«Ертiс орманы» резерватында орманды заңсыз кесу фактілері анықталды.

Submitted by Вера Александрова on

(19 қаңтар 2026 | Дереккөз: Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі)

Абай облысы Бородулиха ауданының прокуратурасы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында мемлекеттік жерлерді заңсыз иелену және орман кесу фактілерін анықтады.

АҒАШ МАТЕРИАЛДАРЫН ЖАЙЫЛЫМДА САҚТАҒАН

Прокурорлық тексеру көрсеткендей, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ертіс орманы» табиғи резерватының лауазымды тұлғалары заңды негізсіз дайындалған ағаш материалдарын Успенка және Поднебесное ауылдарының жайылымдық жерлерінде орналастырған. Бұл ретте жер учаскелері республикалық мемлекеттік мекемеге берілмеген.

ЖАЗА

Жерлерді заңсыз пайдаланғаны үшін «Ертіс орманы» табиғи резерватының екі лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдар төленді.

ЗАҢСЫЗ ОРМАН КЕСУ

Новошульба филиалының Успенка орманшылығында жалпы көлемі 96,7 текше метр 92 қарағайдың заңсыз кесілгені анықталды. Келтірілген залал 760 мың теңгеден астамды құрады.

ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ БАСТАЛДЫ

Ағаштарды заңсыз кесу ісі бойынша материалдар полицияға берілді, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Орман шаруашылығының лауазымды тұлғалары прокуратураның қадағалау актісі бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың күзінде экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының бұйрығымен «Ертіс орманы» табиғи резерватында орман кесудің барлық түрлеріне 5 жыл мерзімге тыйым салынды.

2025 жылдың көктемінде «Ертіс орманы» резерватының бұрынғы бас директоры пара алу, қаражатты ысырап ету, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топты басқарғаны үшін кінәлі деп танылды. Мемлекетке 150 млн теңгеден астам залал келтірілді. Резерваттың экс-басшысы 12 жылға сотталды. Оның көмекшілері 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.