Желіде Шымкент полиция басқармасының қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы мен полиция аға лейтенанты 370 млн теңге жымқыруға қатысы бар деген ақпарат таралуда.
Ulysmedia.kz мәліметінше, ІІМ бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, алайда полиция қызметкерлерінің ұсталған-ұсталмағанын нақтыламағанын хабарлады.
«Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша меншікті қауіпсіздік департаменті қызметтік тексеру бастады, оның қорытындысы бойынша қатаң шаралар қабылданып, кінәлілер заңға сәйкес жазаға тартылады. ІІМ кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік қағидатын ұстанады», - делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі болғандай, биылғы жылдың қаңтарынан шілдесіне дейін сыбайлас жемқорлық істері бойынша 95 полиция қызметкері сотталған. 80% жағдайда полиция қызметкерлеріне «Пара алу» және «Алаяқтық» баптары бойынша үкім шығарылған.
Мәселен, тамыз айының басында көші-қон қызметі басқармасының (КҚБ) бұрынғы басшысы мен инспекторы, сондай-ақ Абай облысы Әуезов ауданы полиция бөлімінің экс-инспекторы сыбайлас жемқорлық үшін сотталды.
Тергеу нұсқасы бойынша, басқарма бастығы полиция қызметкерінен қызметін ауыстыру үшін пара алған, бұл ретте делдал – КҚБ инспекторы арқылы әрекет еткен. Пара сомасы $1000 (476 890 теңге) құраған.
Маусым айында Шымкент патрульдік полиция полкінің 8 ротасының командирі Азамат Айымбетов сотталып, бопсалау жолымен ірі көлемде пара алғаны үшін 7 жыл бас бостандығынан айырылды.
Сәуір айында Шымкент полиция департаментінің көші-қон басқармасының бастығы Сұңғат Түгелбаев сотталып, $8 мың көлемінде пара алғаны үшін жазаланды. Экс-басшы шетелдіктерге тұруға рұқсат беру және азаматтық беру үшін пара алған. Полиция қызметкерімен бірге делдал Ақмарал Сойырқаз да сотталды.
Фонд-бюро расследования коррупции