Skip to main content

«Семей орманы» тағы да өртке дайын емес

Submitted by Вера Александрова on

Үкіметтің өрт қауіпті кезеңге дайындық жөніндегі кеңесінде «Семей Орманы» резерватының орман өрттеріне тағы да дайын еместігі анықталды. Резерват басшылығына қатысты шаралар қабылданып жатқаны хабарланады. 

БАҚ деректері бойынша, экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иесін тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстарының, сондай-ақ «Семей орманы» резерватының ықтимал өрттерге дайын еместігін мәлімдеген.

«Бұзушылықтар қатарында ЖЖМ сатып алу мен резервінің жоқтығы, орман өрт сөндіру станциялары ғимараттарының авариялық жағдайы немесе олардың болмауы, өрт мұнараларының жетіспеушілігі, арнайы техниканың тозуы анықталды. Сондай-ақ, жиі кездесетін бұзушылықтар: рациялардың болмауы және арнайы киімнің жетіспеушілігі», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Павлодар облысында «Ертіс Орманы» резерватын тексеру кезінде барлық бар патрульдік және өрт сөндіру машиналары есептен шығарылуға жататыны анықталған.

«Біз Абай және Қостанай облыстарында болған ірі табиғи өрттердің салдарын жақсы есте сақтаймыз. Әрбір қызметкердің өртке қарсы жабдықпен, рациялармен және қажетті құрал-жабдықтармен міндетті түрде қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударғым келеді», - деп атап өтті вице-премьер Бозымбаев.

Сонымен қатар, ол ТЖМ-ге бір апта ішінде өрттерді аэровизуалды бақылау және сөндіру үшін тікұшақ қызметтерінің көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. 

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы жылдың маусым айында Абай облысының ормандарында ірі өрт болып, салдарынан «Семей Орманы» орман табиғи резерватының 14 қызметкері қаза тапқан еді.