Солтүстік Қазақстан облысының табиғат қорғау прокуратурасы орман шаруашылығы саласында елеулі бұзушылықтарды анықтады. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар басқармасының лауазымды тұлғалары орман алқаптарын мемлекеттік орман қорының құрамына ауыстыру үшін заңда көзделген шараларды қабылдамаған.
Прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, басқа санаттағы жерлердегі табиғи өскін екпелер мемлекеттік орман қорына енгізілуге жатады.
Алайда, аудан әкімдерімен жерлерді ауыстыру және есепке алынбаған орман учаскелерін түгендеу кезіндегі әлсіз үйлестіру салдарынан СҚО әкімдігінің табиғи ресурстар басқармасының лауазымды тұлғалары мұндай шараларды қабылдамаған.
Прокуратураның талабы бойынша өңірде тексеру жүргізіліп, оның барысында Айыртау, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлют және Тимирязев аудандарында құқықтық мәртебесі мен күзеті жоқ 9 мың га астам орман жерлері анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша әкімдік барлық мүдделі органдардың қатысуымен комиссия құрып, анықталған учаскелерді мемлекеттік орман қорының құрамына ауыстыру үшін нақты мерзімдерді белгілейтін және жауапты орындаушыларды айқындайтын Жол картасын әзірледі», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде 46,2 га жер Қызылжар орман шаруашылығының мемлекеттік орман қорына ауыстырылды. Қалған учаскелер бойынша жұмыс жалғасуда. Міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.
Прокуратурада мемлекеттік орман қорын кеңейту Мемлекет басшысы белгілеген мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындалғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін СҚО табиғат қорғау прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерінен көптеген бұзушылықтарды анықтаған. Шенеуніктер өтемақы екпелерінің көлемін негізсіз төмендетіп, 8 мың бірліктен астамға кеміткен.
Фонд-бюро расследования коррупции