Skip to main content

Сарыағаштағы мектеп директоры мен бухгалтері 138 млн жымқырғаны үшін 7 жыл шартты жаза алды

Submitted by Вера Александрова on

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында №60 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Бағдат Досымбековке және бас бухгалтер Мұрат Оспановқа қатысты үкім шығарылды.

Ratel.kz деректері бойынша, олар ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (қызмет бабын пайдаланып, өзгеге сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) айыпталды. Айыптау актісі бойынша, 2021 жылдан 2022 жылға дейін сотталушылар жалақыны жасанды көтеру жолымен 138 591 540 теңгені иемденіп алған.  

Сотта айыпталушылар өз кінәсін толық мойындады. Досымбеков тіпті сыбайласын ақтауға тырысып, бас бухгалтердің оның нұсқауы бойынша әрекет еткенін мәлімдеді.

Өз кезегінде Оспанов оның сөзін растап, жұмысынан айырылып қалудан қорыққандықтан директордың қысымына бағынуға мәжбүр болғанын хабарлады.

Белгілі болғандай, сотталушылармен сөз байласқан мұғалімдер де болған, олар өздерінің аванстары мен сыйлықақыларымен манипуляция жасауға рұқсат берген.

Хабарланғандай, кейін мектепке директордың міндетін уақытша атқарушы етіп басқа адам тағайындалған, ол ұрлықты анықтап, прокурорлыққа шағымданған.

Тергеу барысында айыпталушылар келтірілген залалдың орнын толтырды. Нәтижесінде сот екі сотталушыға да 7 жыл шартты жаза тағайындады. Сондай-ақ олар «Жәбірленушілерге өтемақы қорына» 61 260 теңгеден төлеуге міндеттелді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан соты Түркістан облысы тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторын соттаған, ол осы мектепте анықталған ұрлық фактілерін жасырған. Ревизор 63,5 млн теңгені жасыруға қатысы бар болып шықты. Нәтижесінде ол мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеуге сотталды.