Transport for London (TFL) компаниясы соңғы 20 жыл ішінде Лондонның ақылы аймағына кіру ақысын төлемеген борышкер елшіліктердің тізімін жариялады. Олардың арасында £4,6 млн (2,6 млрд теңге) қарызы бар Қазақстан елшілігі де бар.
Ulysmedia.kz TFL сайтына сілтеме жасап хабарлағандай, қаланың орталық бөлігіне кіру үшін көліктен £15 мөлшерінде ақы алынады. Жергілікті биліктің пікірінше, бұл жолдардағы кептелістерді азайтуға, зиянды заттардың шығарындыларын төмендетуге және ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ақы алу 2003 жылы £5 деңгейінде енгізіліп, кейіннен ұлғайтылды: 2005 жылы £8-ге, 2011 жылы £10-ға, 2014 жылы £11,5-ке және 2020 жылы £15-ке дейін.
2003 жылдан 2023 жылға дейін елшілік дипломаттары Лондонның ақылы аймағына кіру үшін Британияға £145,5 млн қарыз болып қалды. Борышкерлер арасында:
- АҚШ £14,6 млн;
- Жапония £10 млн;
- Үндістан £8,5 млн;
- Нигерия £8,4 млн;
- Қытай £7,9 млн;
- Ресей £6 млн;
- Польша £5,2 млн;
- Гана £5 млн;
- Қазақстан £4,65 млн.
Өз кезегінде АҚШ-тың Лондондағы елшілігінің баспасөз қызметі барлық дипломаттардың мұндай төлемнен босатылуы керек екенін мәлімдеді.
«1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында көрсетілген халықаралық құқыққа сәйкес, біздің ұстанымымыз – ақылы жол жүру аймағына кіру ақысы дипломатиялық өкілдіктер босатылатын салық болып табылады. Біздің бұл көп жылдық ұстанымымызды Лондондағы көптеген басқа дипломатиялық өкілдіктер де қолдайды», - делінген хабарламада.
Алайда TFL ақылы жол жүру аймағына кіру ақысы салық емес, қызмет көрсету ақысы екенін айтып қарсылық білдірді.
Фонд-бюро расследования коррупции