Skip to main content

Петропавлдағы «Qnet» қаржы пирамидасының салымшылары 100 млн теңге жоғалтты

Submitted by Вера Александрова on

Петропавлда бұрынғы полиция қызметкерлері мен кәсіпкерге қатысты үкім шығарылды. Олар «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және оған басшылық етуде айыпталды.

СҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сот отырысына ЖК Камалиев Е.Ж., М.Жұмабаев ауданы ПБ-ның бұрынғы бастығы, ІІМ зейнеткері Исин Н.Ш., ІІМ зейнеткері Сыздыков С.Н., сондай-ақ Илюбаева А.П. және Камалиева Р.Ж. азаматтары отырды.

Камалиев Е.Ж. басқа да айыптармен қатар, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін де сотталды. 

«Сотталғандар 2018 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде СҚО аумағында алдын ала сөз байласып, әрекет етіп, ҚР-да тіркелмеген «Qnet» қаржы пирамидасының заңсыз әрекетінен қылмыстық кіріс алды деп айыпталды», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, қаржы пирамидасының 110 салымшысы 100 млн теңгеден астам ақшасын жоғалтты. Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп тауып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Еске сала кетейік, былтыр мамыр айында «Qnet» қаржы пирамидасы 2018-2020 жылдар аралығында 231 қазақстандықты тартып, жалпы сомасы 220 млн теңгеден астам материалдық залал келтіргені хабарланған болатын.

Қаңтар айында Ақтөбе облысындағы «Qnet» қаржы пирамидасы филиалының ұйымдастырушысы 5 жылға бас бостандығынан айырылып, әрекеті желілік маркетинг ретінде бүркемеленген компанияның құрылымдық бөлімшесін құру және басқаруда айыпталды.

Шілде айында Қостанай облысындағы «Qnet» қаржы пирамидасының жетекшісі 6 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды. Оның құрбандары 94 адам болды. Шығын 86 млн теңгені құрады.