Қызылорда облысында «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер азаматтарды көпдеңгейлі маркетингтік желі мен электрондық коммерцияға ақша салуға итермелеген. Оның ішінде зардап шеккендерді жалған «QVI tripsavеr» саяхат карталарын және зергерлік бұйымдарды сатып алуға көндірген.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына 51 адам тартылып, олар 63 млн теңгеден астам ақша салған. Салымдар сомасы 840 мыңнан 4 млн теңгеге дейін өзгеріп, басқа қатысушыларды тарту міндетті шарт болған.
Соңында сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды кінәлі деп танып, оларға 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сондай-ақ сотталғандардан құны 301 млн теңге болатын мүлік: Астанадағы жеті пәтер және Toyota Camry көлігі тәркіленді.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы мамырда «Qnet» қаржы пирамидасы 2018 жылдан 2020 жылға дейін 231 қазақстандықты тартып, жалпы сомасы 220 млн теңгеден астам материалдық залал келтіргені хабарланған еді.
2024 жылғы қаңтарда Ақтөбе облысындағы «Qnet» қаржы пирамидасы филиалының ұйымдастырушысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның қызметі желілік маркетинг ретінде бүркемеленген компанияның құрылымдық бөлімшесін құру және басқару айыпталды.
Қараша айында Петропавлда «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басқару фактісі бойынша үкім шығарылды. Сонда сотталушылар арасында М.Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің бұрынғы бастығы, ІІМ зейнеткерлері, жергілікті тұрғындар және кәсіпкер болды. Белгілі болғандай, қаржы пирамидасының 110 салымшысы 100 млн теңгеден астам ақшасын жоғалтқан.
Ағымдағы жылғы наурызда сотталған «Qnet» қаржы пирамидасының басшысы Шехерезада Исина өзінің әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарға 70 млн теңге төлеуге міндеттелді. Өткен жылғы шілдеде Қостанай қалалық соты оны алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонда прокурорлар Исинаның компаниясы 94 азаматтың жинағын жалпы сомасы 86 млн теңгеден астам қаражатқа тартқанын дәлелдеген.
Фонд-бюро расследования коррупции