Skip to main content

Павлодардағы соқырлар қоғамынан ғимаратты тартып алмақшы.

Submitted by Вера Александрова on

Павлодарда жер дауы өршіп тұр. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі (ҚСҚ ҚБ) ел билігіне үндеу жасап, бейнежазба түсірді. 

«ҚСҚ» өкілдеріне сілтеме жасаған БАҚ хабарлауынша, олардың оқу-өндірістік кәсіпорны орналасқан жер мектеп салу үшін берілмек. 

Қоғам белсенділері бейнеүндеуде әкімдік басынан бастап бас жоспарда әлеуметтік нысандар үшін қосымша орындарды ойластырмағанын алға тартады. Енді осыған байланысты зағип жандар ғимараттан айырылуы мүмкін.

«Осы қылмыстық немқұрайлылықты түзету үшін әкімдік «Павлодар оқу-өндірістік кәсіпорны «Қазақ соқырлар қоғамы» ЖШС орналасқан жер телімін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылдады», – деді бірлестік мүшелері.

Соқырлар бірлестігінің өкілдері неліктен дәл олардың ғимараты алынып жатқанына таңғалып отыр.

«Қасында мектеп салу үшін алуға болатын көптеген жеке тұрғын үй нысандары бар, олардың көпшілігі — ескірген күйде. Үкіметтің нұсқауын орындау үшін осы аумақты тартып алу керек пе? Бір әлеуметтік нысанды салу үшін екіншісін жою керек болып шықты», - деп қосты олар бейнеүндеуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін де «ҚСҚ» ҚБ мүлікті қайтару бойынша сот талқылауларына тап болған. Сол кезде де оның өкілдері билікке, атап айтқанда президентке жүгінген еді. 

Мұның бәрі 2015 жылы «ҚСҚ» ҚБ-ның бұрынғы төрағасы Байболат Әубәкіров қызмет бабын пайдаланып, «ҚСҚ» ҚБ мүлкін үшінші тұлғаларға сатып жіберуінен басталған. Кейін олар банктен несие алып, кепілге жылжымайтын мүлікті берген. Одан әрі үшінші тұлғалар банкрот болып, мүлік банктің иелігіне өткен. 

Кейін қоғамдық бірлестік Әубәкіровтен материалдық залалды өндіріп, Астанада 4 қабатты ғимарат сатып алған. Алайда «ҚСҚ» ҚБ мұнымен тоқтап қалмай, банк бұрын үшінші тұлғалардан кепілге алған мүлікті де қайтаруды көздеген. Айта кетейік, сот «ҚСҚ» ҚБ-ның талап арызын қабылдаған.