Алтай Асқар, Тимур мен Динара Күлібаевалардың үлкен ұлы және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, екінші азаматтықтың иегері болып шықты. Ол Кипр азаматтығын алуға өтініш беріп, 2019 жылы – инвестициялық азаматтық бағдарламасы жабылғанға дейін бірнеше ай бұрын алған.
«Теңізге шығу» Telegram-арнасының мәліметінше, сол кезде басты өтініш беруші үшін Кипр паспортының құны €2,5 млн болған, бұл 2019 жылғы бағам бойынша шамамен 1,07 млрд теңгеге тең.
Кипрдің «алтын паспорттар» бағдарламасы 2013 жылдан 2020 жылға дейін жұмыс істеп, ауқатты шетелдіктерге ел экономикасына инвестиция салу арқылы азаматтық алуға мүмкіндік берді. Бірқатар тергеулерден, оның ішінде халықаралық іздеуде жүрген адамдарға паспорт беру жағдайлары аталған Al Jazeera телеарнасының материалынан кейін, Еуропалық Одақ бағдарламаны жабуды талап етті.
Кейін Кипр билігі бұрын берілген азаматтықтардың күшін жою рәсімін бастады. Бүгінгі күні «алтын паспорттардан» шамамен 150 адам айырылды, оның ішінде Kazakhstan Kagazy компаниясының бұрынғы басшысы Максат Арип, ресейлік бизнесмендер Олег Дерипаска, Алексей Кузьмичев, Михаил Гуцериев және басқалар бар.
Кипр паспортынан басқа, Алтай Асқардың Швейцарияда тұруға рұқсаты бар, онда ол Искандер Рахманбердиев негізін қалаған американдық ORBI стартапына инвестиция салу кезінде негізгі тұрғылықты жерін көрсеткен.
Сонымен қатар, Күлібаевтар Швейцарияда Bellerive сарайына иелік етеді. Ақпан айында Женева прокуратурасы қаражаттың шығу тегінің заңдылығын анықтау үшін осы активті сатып алу мәмілесін тексере бастады. Бұрын Во кантонының соты Күлібаевтарға Лозанна маңындағы өздеріне тиесілі Fleur du Lac мейрамханасын қайта құруға берілген рұқсатты жойды.
Айта кету керек, Ресейде Алтай Асқар «Мәскеу-Сити» іскерлік орталығының «Меркурий» мұнарасында ауданы 114,5 м² пәтерге ие. Пәтер 47-қабатта орналасқан және шамамен 60 млн рубльге (шамамен 400 млн теңге) бағаланады.
Сондай-ақ, Күлібаевтың ұлының меншігінде – Дубайдағы Palm Jumeirah аралындағы Marina Residences тұрғын үй кешенінде ауданы 633 м² пәтер. Оның нарықтық құны шамамен 2 млрд теңгеге бағаланады.
Фонд-бюро расследования коррупции