Skip to main content

Динара Көлібаеваның Француз Альпісіндегі 15 млрд теңге тұратын үйі табылды

Submitted by Вера Александрова on

Экс-президенттің ортаншы қызы Динара Көлібаеваның Франция Альпісінде 15 млрд теңгеге жуық резиденциясы бары анықталды. 

«Теңізге шығу» Telegram-арнасының мәліметінше, ол Оңтүстік-Шығыс Франция Альпісінің етегіндегі халқы 3 мың адам болатын шағын Межев қалашығында орналасқан. Оның аумағына көлемі 64 сотық жер телімі, жабық бассейні бар негізгі үй және күтуші үйі кіреді. 

2016 жылы Көлібаева өзінің люксембургтік «Regulus Holdings SA» компаниясы арқылы «Алмэкс» холдингінің бұрынғы топ-менеджері және брокерлік «SkyBridge Invest» компаниясының бұрынғы иесі Әділ Ескендіровпен бірге Францияда «La Pomme D'or» компаниясын құрғаны хабарланды. Бұл ретте Ескендіровке компанияның €50 мың жарғылық капиталынан небәрі €100 үлес тиген.

««Теңізге шығу» қолында бар компания құжаттарына қарағанда, 2017 жылы «Regulus Holdings SA» өзінің нақты француздық «еншілес» компаниясы үшін жылдық 2% мөлшерлемемен €22 млн (ағымдағы бағам бойынша 11 млрд теңгеге жуық) көлемінде кредиттік желі ашқан», - делінген хабарламада.

Дәл осы қаражатты «La Pomme D'or» Динара Көлібаеваға үй сатып алуға жұмсаған. Сондай-ақ, экс-президент қызының резиденциясының ағымдағы бағасы шамамен €30 млн (15 млрд теңгеге жуық) құрайтыны белгілі болды. 

Сонымен қатар, Көлібаеваның резиденциясынан бір сағаттық жерде Назарбаевтармен байланысты тағы бір адамның - бұрынғы бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжановтың вилласы орналасқан. Ол елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару үдерістерін басқарғаны хабарланды.

«Оның өмірбаянының едәуір бөлігі, құқық қорғау органындағы жұмыстан басқа, Тимур Көлібаевтың басшылығымен жұмыс істеген мемлекеттік «Қазмұнайгаз» және «Самұрық-Қазына» қорындағы басшылық лауазымдармен байланысты. Байжанов бұл жылжымайтын мүлікті әлі де сатуға тырысуда, бірақ әзірге ерекше жетістікке жеткен жоқ», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Швейцарияда Во кантонының соты Тимур мен Динара Көлібаевтарға тиесілі «Fleur du Lac SA» аттас компаниясы иеленетін «Fleur du Lac» қонақ үйін қайта жаңартуға тыйым салған еді.