Skip to main content

Мемлекеттік бағдарлама бойынша Ақтөбе облысында 1 млрд теңгеге жуық қаражат иемденілді

Submitted by Вера Александрова on

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Ақтөбе филиалында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ асыл тұқымды МҚШ өсіру үшін несие алу кезінде алаяқтық фактілерін анықтады.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 шаруа қожалығының (ШҚ) өкілдері жалған құжаттарды пайдаланып, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген субсидиялар мен несие қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған, ал мал сатып алмаған.

Нәтижесінде мемлекетке ерекше ірі көлемде, жалпы сомасы 1 млрд теңгеге жуық залал келтірілген. Сотқа дейінгі тергеу барысында келтірілген залал өтелген. 

Агроөнеркәсіп кешені саласында ерекше ірі көлемдегі алаяқтық үшін сот ШҚ-ның үш өкілін 5 жыл бас бостандығынан айыруға соттады. Сотталғандардың жылжымалы және жылжымайтын мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының депутаты Асылбек Нұргелдин мемлекеттік бағдарлама қаражатын иемденуге күдіктеніп сот алдына келген еді.

Айыптау тарапының пікірінше, Нұргелдин 457 млн теңгені иемденіп, мемлекетті адастырған. Ол бастапқыда «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Ресейден 600 бас сиыр сатып алу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 390 млн теңге көлемінде субсидия алуға өтінім берген. Алайда сиырлар ешқашан сатып алынбаған. Оған қоса, Нұргелдин МҚШ-ға арналған жем-шөпке тағы 66 млн теңге субсидия алған.