Skip to main content

Манғыстау облысында балалардың кезекті жаппай улануы

Submitted by Вера Александрова on

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық әкімдігіне қарасты Қызылсай ауылында балабақша тәрбиеленушілерінің жаппай улану оқиғасы болды.
 
Lada.kz мәліметінше, тамақтан улану 100 балада анықталып, кейбіреулері ауруханаға жүгінген.

Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ақпаратты жартылай растады. Олардың дерегінше, медициналық мекемелерге барлығы 37 адам жүгінген.

«31.01.25 ж. сағат 20:13-те жедел жәрдем қызметіне Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылынан іші ауыратынына шағымданған тұрғындардан қоңырау келді. Барлығы жедел жәрдем бригадасымен тексеріліп, қаралды. Тексерілген 37 адамның төртеуі ауруханаға жатқызылды (1 ересек, 3 бала). Қалғандары амбулаториялық емделуге үйлеріне жіберілді», - делінген хабарламада.

Басқармада қазіргі уақытта балабақша жабылғанын атап өтті. Уәкілетті органдар тексеру жүргізуде.

Еске сала кетейік, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының Бесшоқы тұрғын алабында 462 бастауыш сынып оқушысы асханадағы түскі астан кейін жаппай уланған.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық көмекке 462 оқушы жүгінгенін айтты. Оның 96-сы ауруханаға жатқызылды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдегі барлық мектепте тексеру жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар мектеп асханасына «Шәкенова Д» ЖК қызмет көрсеткені белгілі болды. Кәсіпорынның жылдық табысы 2,5 млрд теңге деп бағаланатыны хабарланды. Компаниямен көптеген келісімшарттар бір көзден алу тәсілімен жасалған.

16 қыркүйекте Маңғыстау облысы Сараптама ұлттық орталығы зертханасының мамандары оқу орнының асханасында өрескел санитарлық бұзушылықтарды анықтады.

Мектеп асханасынан алынған сынамалар мен жағындылардың 20 %-нан ішек бактериялары табылды. Асхананың алты қызметкерінен стафилококк анықталды. Сонымен қатар, ыдыс жуушы және тамақ үлестіруші дизентерия тасымалдаушылары болып шықты.

Қазан айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы оқиғадан кейін Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы қызметтен кеткенін, ал облыс әкімінің орынбасары сөгіс алғанын айтты. Сонымен қатар, мектеп тамақтандыру қызметін жеткізетін компаниямен келісімшартты бұзды.

Осы жылдың қаңтарында аталған мектеп асханасының төрт қызметкері медициналық тексеруден өтпей жұмыс істегені үшін сотталды. Сотталушылар 5000 теңгеге жалған медициналық қорытынды сатып алғандарын мойындады.