Skip to main content

Манғыстаудағы балалардың жаппай улануының себептері

Submitted by Вера Александрова on

Манғыстау облысының Мұнайлы ауданы Манғыстау ауылы Бесшоқы тұрғын алабында оқушылардың жаппай улануынан кейін Манғыстау облысы Ұлттық сараптама орталығы зертханасының мамандары оқу орнының асханасында өрескел санитарлық бұзушылықтарды анықтады.

Zakon.kz деректері бойынша, сарапшылар дайын өнімдер мен судың сынамаларын, сондай-ақ асхана қызметкерлерінің талдауларын алды.

Белгілі болғандай, балалар уланған күні тамақтанған картоп пюресі, құс етінен жасалған котлеттер, тұздық пен компот сынамаларынан патогенді бактериялар табылды. 

Мектеп асханасынан алынған сынамалар мен жағындылардың 20 %-ынан ішек бактериялары табылды.

Асхананың алты қызметкерінен стафилококк анықталды. Сонымен қатар, ыдыс жуушы және тамақ үлестіруші дизентерия тасымалдаушысы болып шықты.

«Медициналық кітапшаларды тексеру кезінде асхананың төрт қызметкерінің медициналық тексеруден жалған өткені анықталды. Облыстық прокуратура мен облыстық ПД-ға хат жолданды. Қазіргі уақытта Мұнайлы аудандық полиция бөлімімен ҚР ҚК 304-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Манғыстау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы м.а. Асылбек Шаров.

Еске сала кетейік, 6 қыркүйекте Манғыстау облысы Мұнайлы ауданы Манғыстау ауылы Бесшоқы тұрғын алабында бастауыш сынып оқушылары асханадағы түскі астан кейін жаппай уланған еді. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова барлығы 462 оқушы медициналық көмекке жүгінгенін айтты. Оның 96-сы ауруханаға жатқызылды. Реанимацияда болған екі науқас жалпы бөлімге ауыстырылды. 16 қыркүйектегі жағдай бойынша барлық зардап шеккендер емделіп шығарылды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдің барлық мектептерінде тексеру жүргізуді тапсырғанын хабарлады

Сонымен қатар мектеп асханасына «Шакенова Д» ЖК қызмет көрсеткені белгілі болды. Кәсіпорынның жылдық табысы 2,5 млрд теңге деп бағаланатыны хабарланды. Компаниямен көптеген келісімшарттар бір көзден алу тәсілімен жасалған.

Кейінірек Манғыстау облысы Бейнеу ауылында 16 оқушы уланды. Дәрігерлер балалардың судан уланған деп болжады. Мамандар мектеп асханасынан сынамалар алып, сараптамаға жіберді.