Skip to main content

Махсус қордан Түркістан облысындағы сумен жабдықтауға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді

Submitted by Вера Александрова on

Түркістан облысында елге қайтарылған активтер есебінен ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Арнайы мемлекеттік қордан өңірдегі сумен жабдықтау желілерін салу және жаңғыртуға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында құны 5 млрд теңге болатын Шардара топтық су құбырының құрылысы жүргізілуде.

«Қор қаражаты есебінен Жібек жолы, Шеңгелді, Ақ үй, Қаратөбе, Жуантөбе, Жаңадәуір, Есікқорған, Құйған, Ақсу елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жобаларына 4,2 млрд теңге бағытталды», - делінген хабарламада.

Ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жұмыстары Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Ордабасы және Отырар аудандарында да жүргізілуде.

Бұған дейін Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы магистральдық су құбырын реконструкциялауды аяқтауға Арнайы мемлекеттік қордан 2,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгені атап өтілді. 260 мыңнан астам халқы бар 66 ауылдың сумен жабдықтау жүйесіне қосылуы күтілуде.

Еске сала кетейік, наурыз айында үкімет Қызылорда облысының Арал ауданында сумен жабдықтау жүйелерін салу және жаңғыртуға Арнайы мемлекеттік қордан шамамен 4,2 млрд теңге бағыттады.

Сәуір айында үкімет Ақмола облысының Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін Арнайы мемлекеттік қордан 1 млрд теңге бөлді