Қазақстанда 2026 жылдан бастап күшті әсер ететін препараттардың айналымын бақылауды күшейту жоспарлануда. Денсаулық сақтау министрлігі реттеу тәртібін түсіндіріп, қабылданған шараларды еске салды.
«Қазинформ» ХАА деректеріне сәйкес, ведомство өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін заттардың тізбесіне 94 атау енгізілгенін түсіндірді.
«Бұл тізбеге тропикамид және прегабалин (сауда атауы «Лирика») дәрілік заттары қосылды, сондықтан олар тек рецепт бойынша сатылатын болады. Рецепттерді жазу және дәріханалардан босату тәртібі ҚР ДСМ-нің 2020 жылғы 2 қазандағы "Рецепттерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен реттеледі», — деп хабарлады министрлік.
Бақылау іс-шаралары барысында аумақтық департаменттер бұрын рецептсіз препараттарды заңсыз босату фактілерін анықтағаны атап өтіледі. 2024 жылы мұндай жағдайлар бойынша 32 әкімшілік хаттама жасалып, айыппұл сомасы 8,9 млн теңгеден асты.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа заңға сәйкес, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы және оларды пайдалану қағидаларын бұзу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде есірткі және күшті әсер ететін препараттарды қоса алғанда, дәрілік заттардың міндетті таңбалануы және бақылауы жүзеге асырылуда. Жүйе медициналық және дәріхана ұйымдары бойынша ай сайынғы мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Фонд-бюро расследования коррупции