Мемлекеттік сатып алу сайтында Қостанайдағы аквапаркті қайта жаңғыртуға қатысу лоты орналастырылды. Қостанай облысы әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы жобаға 9,6 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Лоттың сипаттамасында көрсетілген: «Тұрғын емес ғимараттарды/құрылыстарды салу (тұрғызу) жұмыстары». Қосымша сипаттама — «Қостанай облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қостанай қаласының ЖСШМ» КММ «Сегізаяқ» аквапаркі ғимаратын қайта жаңғырту». Лоттың жоспарлы сомасы — 9 669 753 549 теңге».
Конкурсқа қатысуға өтінімдер 27 ақпаннан 4 наурызға дейін қабылданады. Жеңімпаз жұмыстарды 2026 жылдың қыркүйегіне дейін орындауы тиіс.
top-news.kz мәліметінше, «Сегізаяқ» аквапаркі 2004 жылы салынған. 2022 жылы ғимарат жөндеуге жабылды. 2023 жылдың тамызында нысанды қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды. Қостанай облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасында ғимараттың пайдалануға жарамсыз екендігі туралы қорытынды болғаны хабарланды.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын түбегейлі үнемдеуге және оны тек ең өзекті міндеттерді шешуге жұмсауға шақырған болатын.
«Белді бекем буып, аяғыңа қарап жүретін уақыт келді», — деп атап өтті мемлекет басшысы қаңтар айындағы үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Фонд-бюро расследования коррупции