Қостанай облысы «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің балалар және жасөспірімдер командалары арасындағы шорт-трек жаттықтырушысы бюджет қаражатын жымқыруға күдіктелуде.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, 2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы қаңтарға дейін жаттықтырушы шығындардың нақты сомасын ұлғайта отырып, жалған аванстық есептер жасаған. Ол жиындар мен жарыстарға бармаған адамдарды тізімдерге енгізгені хабарланады.
Түскен ақшаны жаттықтырушы өзіне иемденіп алған. Жымқырылған қаражат сомасы 5,9 млн теңгені құрады.
«Кейіннен жымқырылған ақша қаражатын депозиттік шотқа аудару арқылы заңды айналымға тартып, сол жерден 9,6% пайыздық мөлшерлеме бойынша ай сайынғы сыйақы алып отырған», - делінген хабарламада.
Пайыздық сыйақы түріндегі қылмыстық кіріс сомасы 613,1 мың теңгені құрады.
Айыпталушының әрекеттері ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті, қызмет бабын пайдаланып, ірі мөлшерде жымқыру) және 218-бабының 1-бөлігі (ақшаны заңдастыру (жылыстату)) бойынша сараланды.
Бұл мүлікті тәркілеу және 6 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді.
Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жіберілді.
Еске сала кетейік, биылғы жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спорт саласында 60-қа жуық бұзушылықты анықтады. Мемлекетке келтірілген залал 1,3 млрд теңгені құрады.
Ведомство «Спортты дамыту дирекциясы» мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшысына, оның орынбасарына және басқа да қатысты адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлады. Олар «Artsport» бағдарламасы аясында 746 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты тағы бір тергеуді аяқтады. Ол спортшыларды оқу-жаттығу жиындарына жіберуге қаражат бөлгені үшін ведомстволық бағыныстағы Олимпиадалық резервті даярлау орталығының жаттықтырушысынан 1,7 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
Қазан айында Ақтөбе облысының прокуратурасы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары спорт алаңдарын жалға беруден түскен қаражатты иемденгенін анықтады. Олардың 6 млн теңгеден астам қаражатты жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселерге ставкалар жасауға жұмсағаны хабарланды.
Фонд-бюро расследования коррупции