Ақмола гарнизонының әскери соты «Қарулы Күштердің әскери инфрақұрылымының бас басқармасы» РМК күрделі құрылыс басқармасының бұрынғы бастығын пара алуға оқталғаны үшін 4 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Zakon.kz мәліметінше, 2023 жылы қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің қажеттіліктері үшін модульдік ғимараттарды жеткізуге мемлекеттік сатып алу шарттарын 3,5 млрд теңгеге жасасқан. Осы соманың 3,2 млрд теңгесі бір кәсіпкерге бөлінген.
Тергеу деректері бойынша, полковник бизнесменді өз кеңсесіне шақырып, қабылдау-тапсыру актілері мен төлем өтінімдеріне кедергісіз қол қою үшін шарт сомасының 10% мөлшерінде (320 млн теңге) пара талап еткен.
Хабарланғандай, бас тартқан жағдайда лауазымды тұлға шарттарды бұзумен қорқытқан. Келіссөздерден кейін сома 200 млн теңгеге дейін төмендетілген.
Кәсіпкер әңгімелерді диктофонға жазып алып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген. Бірінші траншты 10 млн теңге көлемінде делдал арқылы беру кезінде күдікті ұсталды. Іс материалдарында атап өтілгендей, конспирация үшін полковник параны «эскиздік жобалар» және «эскизиктер» деп атаған.
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 4 жыл бас бостандығынан айыруды тағайындады. Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Естеріңізге сала кетейік, күрделі құрылыс басқармасының бастығының ұсталғаны туралы былтыр сәуірде хабарланған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции