Skip to main content

Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметті жою мүмкін еместігін түсіндірді

Submitted by Вера Александрова on

Қорғаныс министрлігі Қазақстанда әскери міндетті қызметті қазіргі уақытта неліктен жою мүмкін емес екенін түсіндірді.

Zakon.kz мәліметінше, ведомство бұл бастама мемлекеттің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді деп есептейді.

«Міндетті әскери қызметті жою бүкіл мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді және сыртқы қауіп-қатерлер туындаған жағдайда өз аумағында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды. ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-1-бабына сәйкес, петицияның нысанасы қорғаныс мәселелері бола алмайды», – делінген хабарламада.

Министрлік елдің жауынгерлік әлеуеті негізінен келісімшарттық әскери қызметшілер есебінен қамтамасыз етілетінін атап өтті. 

«Сонымен қатар, 30% – міндетті әскери қызметшілер. Міндетті әскери қызметшілер қызмет ету кезінде әскери қызметтің негізгі дағдыларын алады – жауынгерлік жағдайда әрекет етуге, атуға, жауынгерлік машиналарды жүргізуге үйренеді, физикалық және моральдық жағынан шыңдалады. Ал қызметтен босатылғаннан кейін әскери дайындықтан өткен резерв ретінде запасқа алынады», – деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, армиядағы жиілеп кеткен қайғылы оқиғалар аясында бейжай қарамайтын қазақстандықтар міндетті әскери қызметті жою туралы петиция жасады. Авторлар Қазақстанда міндетті әскери қызметті жою әскери қызметшілердің бейбіт уақытта қаза болуына байланысты өзекті болып отыр деп санайды. Тек қыркүйек айында біз осындай төрт оқиға туралы жаздық.

7 қыркүйекте Ақтау әскери бөлімінде басына оқ тию салдарынан міндетті әскери қызметші қаза тапты. 13 қыркүйекте Алматы құрлық әскерлерінің Әскери институтында сержант өз-өзіне қол жұмсады. 16 қыркүйекте Арыста бір әскери бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан басынан жарақат алды. 19 қыркүйекте Аягөз гарнизоны бір әскери бөлімінің офицері асылып, өз-өзіне қол жұмсады.

Сонымен қатар, ФБРК редакциясы соңғы жылдары «Отан алдындағы борышын өтеу» кезінде қанша адам қаза тапқанын анықтауға тырысты. Біз Қорғаныс министрлігіне ресми сұрау салып, ҚР Қарулы Күштеріндегі қаза болу саны туралы мәліметтерді ұсынуды сұрадық. Ведомствоның жауабымен сілтеме арқылы танысуға болады.