Skip to main content

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті ІІМ-де құрылды

Submitted by Вера Александрова on

Ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі жаңа бейінді департамент құрылды. 

Polisia.kz деректері бойынша, бұл бастама киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы өсіп келе жатқан қауіп-қатерлерге байланысты көрсетілді. Департамент оларды анықтау және ашу, сондай-ақ олармен күресудің стратегиялық қадамдарын әзірлеумен айналысатыны хабарланды. 

«Технологиялардың қарқынды дамуы және интернет-қауіптер санының артуы жағдайында мамандандырылған бөлімше құру заманауи сын-қатерлерге тиімдірек әрекет етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ішкі істер министрі Ержан Саденов.

ІІМ басшысы жеке құрамға жаңа департамент бастығы – полиция полковнигі Жандос Сүйінбайды таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында қазақстандықтарға «EgovMobile» қосымшасында жеке деректерінің тарап кетуі туралы хабарланған болатын. Ескертулер МҰҰ-дан ешқашан несие рәсімдемегендерге де келді.

Одан сәл бұрын ҚХР қоғамдық қауіпсіздік министрлігінде ішкі деректердің жаппай тарап кетуі орын алды. Құпия әңгімелер мен жедел деректері бар файлдар GitHub хостингінде ашық қолжетімділікке шығарылды. Жарияланған файлдар арасынан қазақстандық байланыс операторлары Beeline, Altel, Tele2, Kcell және Қазақтелеком абоненттерінің жеке деректері де табылды

Сондай-ақ, таратылған файлдар арасынан 2019 жылғы БЖЗҚ ақпараты және «Air Astana» әуе тасымалдаушысының жолаушылары туралы мәліметтер табылғаны хабарланды.

ЦМДАИА «Қазақтелеком» АҚ, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) және «Air Astana» АҚ-да ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша «Қазақтелеком» және «AirAstana» әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою үшін бір жыл мерзім берілді.

Алайда Informburo.kz деректері бойынша, «AirAstana» ЦМДАИА-ның бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасы клиенттердің жеке деректерін қорғау мәселелеріне еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның үстіне, әуе компаниясы «жолаушылардың деректері бұзылмаған» деп сендірді.