Skip to main content

140-тан астам адам қазақстандықтардың жеке деректерін сатуға күдіктелуде

Submitted by Вера Александрова on

ІІМ-нің Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті ҰҚК-мен бірлесіп, интернетте қазақстандықтардың жеке деректеріне заңсыз сауда жасаған қылмыстық топты жойды. 

Polisia.kz мәліметінше, қазақстандықтардың жеке мәліметтері мемлекеттік дерекқорлардан алынып, Telegram-арналар арқылы, оның ішінде кейбір коллекторлық компанияларға таратылған.

«Компания иелері мен арналдардың әкімшілерін қоса алғанда, 140-тан астам адам ұсталды. Қазіргі уақытта бес фигурант қамауға алынды», — деді департамент бастығы Жандос Сүйінбай.

Коллекторлық компаниялардың кеңселерінде жүргізілген тінту кезінде 400-ден астам компьютер және өзге де электрондық техника тәркіленді.

Осы факті бойынша құқық қорғау органдары ҚР ҚК 205-бабы 3-бөлігі («Ақпаратқа заңсыз қол жеткізу»), ҚР ҚК 147-бабы 5-бөлігі («Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және дербес деректер туралы заңнаманы бұзу») және ҚР ҚК 211-бабы 3-бөлігі («Қол жеткізу шектелген электрондық ресурстарды заңсыз тарату») бойынша қылмыстық істер қозғады.

Полиция қызметкерлері схеманың барлық қатысушыларын анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Еске сала кетейік, өткен жылдың наурыз айында қазақстандықтарға eGov Mobile қосымшасында өздерінің жеке деректерінің таралып кеткені туралы хабарланған болатын. Микроқаржы ұйымдарына ешқашан несие ресімдемегендерге де хабарламалар келген.