Skip to main content

«Казселқорғау» бұрынғы басшысы мен оның орынбасары сыбайлас жемқорлық үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды

Submitted by Вера Александрова on

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Казселезащита» ММ бұрынғы басшысы Кәрім Көкрекбаевқа, оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаевқа және «Bazis Construction» компаниясы филиалының бұрынғы директоры Андрей Поплавскийге үкім шығарылды.

Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкрекбаев пен Ахатаев аса ірі көлемде пара алуда кінәлі деп танылса, Поплавский пара беруде және мүліктік зиян келтіруде кінәлі деп танылды.

Тергеу «Казселезащита» басшылығы лауазымды тұлғалар бола отырып, сөз байласып, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін компания директорынан аса ірі көлемде пара алғанын анықтады. 

Сонымен қатар Поплавский іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстарының актілеріне қол қоюды ұйымдастырды. Нәтижесінде мемлекеттік мекемеге 1,9 млрд теңге көлемінде зиян келтірілді.

Сот қорытындысы бойынша Кәрім Көкрекбаев пен Әділет Ахатаевқа 12 жыл бас бостандығынан айыру, Андрей Поплавскийге 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, өткен жылдың шілдесінде Алматы облыстық соты Көкрекбаевқа қатысты ақтау үкімін жойып, істі жаңадан қарауға жіберген еді. Бастапқыда сот «Казселезащита» бұрынғы басшысын ақтап, оның сыбайластарын 11 жыл бас бостандығынан айыруға үкімдеген болатын.