Skip to main content

Каспий теңізінде итбалықтар қаза тапқан жерде ешқандай ауытқулар анықталмады

Submitted by Вера Александрова on

Маңғыстау облысы экология департаментінің мамандары Каспий теңізі жағалауындағы судың құрамын зерттеп, бұрын 300-ге жуық итбалық өлексесі табылған жерде аномалды ауытқуларды анықтамады. Бұған дейін ғалымдар көптеген өлі жануарлардың денелерінен механикалық зақымдар тапқаны хабарланған болатын.

«Түпқараған ауданының аумағында теңіз жағалауынан 289 итбалық өлексесі табылды. Жергілікті атқарушы органның көмегімен олар жиналып, полигонға жеткізілді. Гидробиология және экология институтымен бірлесіп, табылған итбалық өлекселеріне токсикологиялық және гистологиялық зерттеулер жүргізілді. 112 итбалықтан сынамалар алынды», — деп хабарлады «Қазинформ» ХАА министрлікке сілтеме жасап.

Бірінші сараптама қорытындысы бойынша, Маңғыстау облысы экология департаментінің мамандары аномалды ауытқуларды анықтамады.

«Біз итбалық өлекселері табылған жерден жағалау суының сынамаларын алдық. Нәтижесі жақында дайын болады және себебін біле аламыз. Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулер жүргізілуде», — деді ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Еске салайық, қазан айының соңында Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына 150-ден астам өлі итбалық шығарылған еді. Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, оқиға жақында болған дауылдардан кейін орын алған. Көптеген өлі жануарлардың денелерінен механикалық зақымдар табылғаны атап өтілді. 

Айтпақшы, биылғы жылдың көктемінде хабарланғандай, Каспий теңізі жағалауынан итбалықтардың өлекселері үнемі табылып тұрады. Өлі жануарлар туралы алғашқы хабарлар 29 наурызда пайда болды. Сонда Маңғыстау облысы балық инспекциясы қызметкерлері мониторинг барысында Түпқараған ауданынан 62 өлі итбалық өлексесін тапқан еді. 

25 сәуірде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері 12 итбалық өлексесін тапты.

Кейінірек Маңғыстау облысы балық инспекциясы басқармасы 2024 жылдың 29 наурызы мен 25 сәуірі аралығында Каспий теңізі жағалауынан 182 өлі итбалық өлексесі табылғанын хабарлады.