Жапония санкциялық тізімін кеңейтіп, оған алты елдің 31 ұйымын, оның ішінде қазақстандық «Da Group 22» компаниясын енгізді. 23 қаңтардан бастап күшіне енетін шектеулер химиялық қару әзірлеуге арналған тауарлар мен арнайы техниканың жиынтықтарына қатысты.
Жапонияның Nikkei басылымына сілтеме жасаған Bes.media хабарлауынша, бұған дейін «Da Group 22» ЖШС АҚШ пен Еуропалық Одақтың санкциясына іліккен еді, оны Ресейге шектеулерді айналып өтуге көмектесті деп күдіктенген.
Айта кетейік, «Da Group 22» 2022 жылғы 14 наурызда Астанада азық-түлік көтерме саудасы саласындағы шағын кәсіпорын ретінде тіркелген. Компанияның алғашқы басшысы және құрылтайшысы — Лиля Носаева. 2023 жылдың мамырынан бастап ұйым экспорттық-импорттық қызметін тоқтатты.
Сонымен қатар, бұған дейін компанияның өз бухгалтерімен соттасқаны белгілі болды. Бұрынғы бас бухгалтер Р. Сейт Солтүстік Кипрдегі жалған жылжымайтын мүлік мәмілелері схемасы арқылы 385 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот оған ЖШС-ға келтірілген залалды өтеп, мемлекеттік баж, процестік шығындардың өтемін және жәбірленушілер қорына міндетті төлемдерді төлей отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске салайық, 2024 жылдың ақпанында Еуропалық Одақ Ресейге және онымен байланысты Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Иран, Түркия және басқа елдердің компанияларына қатысты санкциялардың кезекті пакетін жариялады.
Санкциялық тізімге қазақстандық «Elem Group» ЖШС де енгізілді. Ол «ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенді қолдады» және «сауда шектеулерін айналып өтуге қатысты» деп күдіктелді.
Одан сәл бұрын сауда министрлігі компанияның 2023 жылдан бері импорттық және экспорттық қызметті жүзеге асырмайтынын және тарату процесінде екенін хабарлады. Маусым айында Жапония «Elem Group»-ке қатысты да санкция енгізген болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции