Skip to main content

Бұрынғы судья Жолманова 1 млрд теңге алаяқтық жасағаны үшін 10 жыл бас бостандығынан айырылды

Submitted by Вера Александрова on

19 маусымда Алматыда Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясы Светлана Жолмановаға үкім шығарылды. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтықта кінәлі деп танылды. 

Informburo.kz мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Жолманова жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деген желеумен азаматтардың ақшасын 1 млрд теңгеден астам сомаға иеленген. Тергеу барысында 48 қылмыстық эпизод анықталып, олар бір іс жүргізуге біріктірілді. Жәбірленушілер арасында судьялар, заңгерлер және оның таныстары болды.

Сот талқылауы кезінде Светлана Жолманованың отырыстарға қатысудан бірнеше рет бас тартқаны және соңғы сөз сөйлемегені хабарланады.

Нәтижесінде сот оны кінәлі деп танып, 10 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Іс бойынша екінші фигурант – делдал рөлін атқарған Данияр Құшалиев те өткені атап өтіледі. Ол кінәсін мойындап, тергеумен ынтымақтасып, келтірілген залалды ішінара өтеген. Сот оны 3 жыл бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында Жолманованың ұсталғаны белгілі болды. Ол бірнеше жәбірленушіге қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген еді.

Айта кетейік, Жолманованың алаяқтыққа ұрынғаны 2021 жылдың сәуірінде-ақ белгілі болған, сонда қызметтік кабинетін тінту кезінде одан 10 мың АҚШ доллары алынған еді. Кейін Жоғарғы сот төрағасының өкімімен судьяның өкілеттігі тоқтатылды. 2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны жұмыстан босатты.