Астанада «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС бұрынғы бас директоры Руслан Кадесов және оның сыбайласы Олжас Давлетов сотталып, үкім шықты.
_______________
Анықтама үшін: «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС – проблемалы нысандардың құрылысын аяқтаумен айналысатын мемлекеттік компания.
«Свидетель.kz» Telegram-арнасының мәліметінше, Кадесов компанияны 2022 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін басқарған. Тағайындалғаннан кейін бір ай өткен соң ол «KazStroyDevelopment-2050» ЖШС иесі Асан Асановтан пара алғаны хабарланады.
«Оның орнына Кадесов Е16, Е17 және Е32 көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй кешенінің авансын төлеуге және сметалық құнын ұлғайтуға көмектесуі керек еді», - делінген хабарламада.
Айыпталушының сөзінше, құрылыс салушы аванспен қиындықтар туындағанын айтып, жұмыстан тыс уақытта кездесуді ұсынған.
«Асанов <...> осы аванс үшін алғыс білдіргісі келетінін меңзеді. <...> мен оны көлікке шақырып: «Бүгін 1% саласың, сонда дүйсенбіде аванс түседі», - дедім және қағазға Давлетов Олжастың телефон нөмірін көрсеттім», - деді Кадесов.
Өз кезегінде Асанов авансты төлеу және сметаны ұлғайту үшін 170 млн теңге сомасына келіскендерін хабарлады. 30 млн теңгені бірден төлеу керек болған. Бұл соманы доллармен ол Давлетов арқылы берген.
«Осыдан кейін Кадесов 1,6 млрд теңге көлемінде аванс аударуға құжаттарға қол қойды. Параның қалған бөлігі бірнеше траншпен берілді», - делінген хабарламада.
Алайда кейінірек құрылыс салушыға аванс төленбеді, ал 2022 жылдың күзінде Кадесов жұмыстан кетті. Сол уақытта Асанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке шағымданды.
Нәтижесінде Кадесов пара алғаны үшін 10 жыл бас бостандығынан айыруға, ал Давлетов делдалдық үшін 6 айға сотталды.
Сонымен қатар, Кадесовтің Lexux LX570, Kia Carnival, Land Rover Defender және BMW 750 автокөліктері тәркіленіп, одан мемлекет пайдасына 170 млн теңге өндірілді.
Еске салайық, өткен жылдың қараша айында Астана тұрғындары проблемалы нысандарды аяқтауға жауапты «Елорда Құрылыс компаниясына» шағымданған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции