Skip to main content

Биыл Қазақстанда бала саудасының алты жағдайы анықталды

Submitted by Вера Александрова on

Қазақстанда кәмелетке толмағандарды сатуға байланысты алты қылмыстық іс тергелуде. Күдіктілерге 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қауіп төндіреді.

bes.media деректері бойынша, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биылғы жылдың басынан бері ведомство бала сатудың алты фактісін анықтағанын айтты.

Оның сөзінше, өткен жылы құқық қорғау органдары мұндай 19 жағдайды анықтаған.

«Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты балалы бола алмайтын адамдар бар. Олар белгілі бір сұранысты тудырады. Осы сұранысты қанағаттандыратын адамдар табылады», – деді Марат Қожаев.

Сонымен қатар ол Қазақстанда бала сату үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын атап өтті.

«Бұл жағдайларға перинаталдық орталықтардың, балалар үйлерінің қызметкерлері және қалаусыз жүктілігі бар азаматтар қатысы бар», – деп атап өтті ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісу облысында бала сату айыбымен 23 жастағы әйел ұсталған болатын. Белгілі болғандай, ол 2022 және 2023 жылы туған екі баласын делдалдар арқылы сатқан. Бірінші факт 2022 жылдың қазан айында, ал екіншісі 2023 жылдың тамыз айында орын алған. Екі жағдайда да мәміле сомасы 1 млн теңгені құраған.

Одан сәл бұрын БҚО-да осыған ұқсас қылмыс үшін тағы бір әйел ұсталған. Ішкі істер министрлігінде 32 жастағы БҚО тұрғыны 2021 және 2022 жылы туған балаларын сатқанын айтқан.

Сондай-ақ, Тараз прокуратурасы Жамбыл облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, жаңа туған нәрестелерді сату фактісінің жолын кескені хабарланған болатын.