Журналистер ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангалий Бердалинді су тасқыны кезінде қырылған малдың етін еттартқыштан өткізіп, әртүрлі нүктелер мен базарларда сатып жатыр деген кейбір БАҚ ақпаратына түсініктеме беруді сұрады.
zakon.kz деректері бойынша, вице-министр мұндай еттің қазақстандықтардың дастарханына түспейтініне кепілдік берді.
«Мұндай қауіп жоқ және болуы мүмкін емес. Сауда объектілерінде жұмыс істейтін ветеринариялық зертханалардың функциясына етті тексеру кіреді», - деді Бердалин.
Вице-министр сонымен қатар қазақстандық нарықтарда қырылған малдың еті туралы нақты ақпарат жоқ екенін хабарлады. Оның сөзінше, БАҚ-тағы жарияланымдардан кейін ведомство қызметкерлері аталған орындарға барып, тексерген, алайда деректер расталмаған.
Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, су тасқыны салдарынан бүкіл ел бойынша су басу аймағына 10 күйдіргі (сібір жарасы) қорымы іліккен.
Алайда, сонымен бірге «Орал аптасы» Telegram-арнасы «Орталық коммуникациялар қызметінің» брифингіне сілтеме жасап, тек БҚО-да ғана еріген сулар 8 мал қорымын және 14 күйдіргі (сібір жарасы) қорымын су басқанын жазған.
Кейінірек ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдегендей, су тасқыны салдарынан су басу аймағына 12 күйдіргі (сібір жарасы) қорымы және 8 мал қорымы іліккен.
Фонд-бюро расследования коррупции