В Астанада, Алматыда және Шымкентте 20 күн ішінде 13 заңсыз сою цехы анықталды.
Polisia.kz деректері бойынша, жедел іс-шараларға 3,5 мыңнан астам полиция қызметкері және ауыл шаруашылығы мен ветеринариялық бақылау басқармаларының 400 маманы қатысты.
Олар мал тасымалдауға арналған 54 мыңнан астам көлік, 17 мың сатып алу орны, сондай-ақ 28,5 мың шаруа қожалығы, жайылымдық учаскелер мен фермаларды тексерді.
Полиция қызметкерлері 131 адамның жануарларды ұрлауға қатыстылығын анықтап, 26 қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
«Бұл ретте мал ұрлығының 135 фактісі ашылып, ауыл шаруашылығы жануарларының 580-нен астам басы иелеріне қайтарылды», - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Сондай-ақ, Алматы облысында мал ұрлаушылардың екі тобы ұсталғаны белгілі болды. Олардың бірі 11 қылмыс жасап, ірі қара малдың 16 басын, екіншісі — 9 қылмыс жасап, ұсақ малдың 103 басын ұрлаған.
Жамбыл облысында үш адамнан тұратын мал ұрлаушылар тобы ұсталды. Оларға еркін жайылымнан 28 жылқыны ұрлау айыбы тағылуда.
Қорытындылай келе, департамент бастығы 2024 жылы мал ұрлығы деңгейі 26%-ға төмендегенін атап өтті.
Еске салайық, бұрын Астана полицейлері тамаққа жарамсыз етті сатуды ұйымдастырған ер адамды ұстаған болатын. Құпия өндірісте өлексе ұшаларын өңдеу және сату жүзеге асырылғаны хабарланған еді.
Фонд-бюро расследования коррупции