Skip to main content

Аудиторлар ғылым саласында 42,5 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғанын анықтады

Submitted by Вера Александрова on

Жоғарғы аудиторлық палата (ЖАП) ғылымды дамытуға арналған бюджет қаражатын пайдалану бойынша мемлекеттік аудиттің қорытындысын шығарды. Тексеру көрсеткендей, қаржыландыру 219 млрд теңгеге дейін өскенімен, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (FЗTКЖ) жұмсалатын шығындардың үлесі күтілетін көрсеткіштерден төмен болып қалып отыр, ал ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізу жеткілікті дәрежеде белсенді емес.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, стратегиялық құжаттарда бекітілген мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттары ғылым және жоғары білім министрлігінің даму жоспарында толық көрініс таппаған. Ғылым комитеті мен салалық мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың болмауы жобаларды сапалы іске асыруға тәуекелдер туғызады.

Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысында да түзетуді қажет ететін факторлар анықталды. Кеңестердің кейбір мүшелері бір уақытта бірнеше қаржыландырылатын жобаға қатысқан және бұл мүдделер қақтығысын туғызған жағдайлар тіркелді.

«Сонымен қатар, ғылыми кеңестер мүшелерінің сараптамалық қорытындыларды есепке алмай қабылданған шешімдер, бұзушылықтармен жобаларды мақұлдау, сондай-ақ өздері бұрын мақұлдаған жобаларды қаржыландыруды тоқтату үшін жауапкершілігі белгіленбеген», — делінген хабарламада.

Ғылыми жобалар конкурстарын өткізуде елеулі кідірістер — 500 күннен астам, сондай-ақ ғылыми-техникалық сараптама мерзімдерінің көптеген бұзушылықтары атап өтіледі. Жобалар мониторингі жеткілікті бақылауды қамтамасыз етпеген: ескертулер мен ауытқулар болған кездің өзінде көптеген жобалар одан әрі қаржыландырылды.

Ғылым қорының жобалары бойынша да кемшіліктер анықталды: 42 аяқталған жоба сатудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізбеген, ал 8 жоба бойынша өнім мүлде шығарылмаған. ЖОО жанындағы инжинирингтік орталықтар мен технопарктерде қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы және сатып алу құнының асыра көрсетілуі фактілері анықталды.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша барлығы: 1,7 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар, 24,2 млрд теңге сомасына қаражатты тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ 42,5 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылуы анықталды.

Кейбір фактілер бойынша ЖАП материалдарды құқық қорғау органдарына жолдайды. Үкіметке, ғылым және жоғары білім министрлігіне және салалық ведомстволарға бұзушылықтарды жою және жүйелік тәуекелдердің алдын алу үшін ұсыныстар мен тапсырмалар жіберілді.