Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рустемова қалалық ауруханалардың кредиторлық берешегі 14,7 млрд теңгені құрайтынын айтты.
Zakon.kz мәліметінше, ол Міндетті медициналық сақтандыру қоры (ММСҚ) арқылы қаржыландырылатын медициналық ұйымдардың бюджеті ағымдағы жылы 120,4 млрд теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға артық екенін атап өтті.
«Медициналық ұйымдардың жеткіліксіз қаржыландырылуы кредиторлық берешектің пайда болуына әкелді. Мәселен, бүгінгі күні кредиторлық берешек сомасы 14,7 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде «Фармация» СК алдында – 4,5 млрд, басқа жеткізушілер алдында – 10,2 млрд теңге. Оның ішінде 2022-2023 жылдардағы мерзімі өткен кредиторлық берешек сомасы 3,3 млрд теңгені құрайды. Бұл үш медициналық ұйым: №1 көпсалалы қалалық аурухана – 2,2 млрд теңге, қалалық фтизиопульмонология орталығы – 662 млн теңге және қалалық жұқпалы аурулар орталығы – 398 млн теңге сомасына», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Рустемова кредиторлық берешектің пайда болуының негізгі себептерін атады:
- дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың, азық-түлік өнімдерінің, коммуналдық және өзге де қызметтер мен жұмыстардың бағасының жыл сайынғы өсуін көздемейтін төмен тарифтер;
- медициналық персоналдың жалақысының өсуі;
- мәлімделгеннен төмен қызмет көлеміне шарттар жасасу;
- сызықтық шкаланы қолдану.
«Сонымен қатар, ағымдағы кредиторлық берешектің пайда болу себебі Медициналық сақтандыру қоры филиалы тарапынан уақтылы қаржыландырмау болып табылады. Мәселен, бүгінгі күні медициналық ұйымдарға орындалған жұмыс актілері бойынша ағымдағы жылдың тек төрт айына ғана қаражат төленді. Жыл басында алынған 30-40% мөлшеріндегі аванс тек жалақы мен салықтарды төлеуді ғана жабады», – деп қосты басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бүгінгі күні әкімдік №1 қалалық көпсалалы аурухананың 1 млрд теңге сомасындағы берешегін жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтеуді қарастыруда. Бұл мәселе 2 қыркүйекте мәслихат отырысына шығарылады деп күтілуде.
Фонд-бюро расследования коррупции