Skip to main content

Астанада жедел жәрдем көліктеріне бейнебақылау жүйелері енгізілуде

Submitted by Вера Александрова on

Астанада жедел жәрдем автомобильдерін бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жобасы жүзеге асырылуда. Бұл медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп күтілуде. Белгілі болғандай, соңғы үш жылда елордада жедел жәрдем бригадаларына 66 шабуыл жасау дерегі тіркелген.

Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы автомобиль төрт камерамен, бейнетіркегішпен, модульмен және бейнені нақты уақыт режимінде жіберетін монитормен жабдықталған. Бейнеағым жедел жәрдем диспетчерлік қызметіне де, полиция департаментінің жедел басқару орталығына да түседі.

Жыл соңына дейін жедел жәрдемнің 100 автомобилін бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жоспарланған. Бұл бастама Астананың цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Кареталардағы бейнебақылау – медицина қызметкерлерін қорғаудың кешенді бағдарламасының бөлігі. Еске сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің қатысуымен жасанды интеллектті қолданатын цифрлық шешімдер талқыланды.

Жобалар медициналық персоналдың қауіпсіздігін арттыру, ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ дәрігерлерге жүктемені азайту мәселелеріне қатысты болды.

Осындай жаңалықтардың бірі медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін смарт-бейнежетондарды енгізу болды. Пилоттық режимде технологияны Астананың бес жедел жәрдем бригадасы қолданып жүр, ал жақын арада Алматыда іске қосу жоспарлануда. Бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.

Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп, Қазақстанның медициналық ұйымдарында 152 тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекетінің жұмысын қамтамасыз етті.