Skip to main content

Астанада масалардан биологиялық қорғаныс қолданылады

Submitted by Вера Александрова on

ФБРК редакциясы Қазақстан өңірлерінде жәндіктермен күресу кезінде қандай әдістер қолданылатыны туралы айдарды жалғастырады. Біз жергілікті билік жәндіктерден биологиялық қорғау принципін қолдана ма және олар инсектицидтік құралдарды қолданудан толығымен бас тартуға дайын ба деген сұрақ қойдық.

Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы хабарлағандай, масалармен күрестің бірінші кезеңі су ортасында пайда болатын және тіршілік ететін дернәсілдер кезеңінде өтеді. 

Фаунаның басқа өкілдеріне (балықтарға, бақаларға және басқа су жәндіктеріне) зиян келтірмеу үшін су айдындарындағы (Үлкен және Кіші Талдыкөл көлдері, Майбалық және т.б.) маса дернәсілдерімен күресу үшін биологиялық қауіпсіз «Бактицид» препараты қолданылады.

Еске сала кетейік, мамыр айында біз Астанада дезинсекция кезінде «Бактицид» биопрепаратынан басқа, құрамына «Хлорпирифос» және «Циперметрин» заттары кіретін «Ультрагран» препараты қолданылатынын жазған болатынбыз. Бұл заттардың уытты қасиеттерімен сілтеме бойынша егжей-тегжейлі танысуға болады.

Сонымен қатар басқармада «қансорғыш жәндіктердің имагинальды (ересек – ред. ескертпесі) нысандарына арналған биологиялық препараттар әзірленген жағдайда, ведомство препараттардың тиімді және қоршаған ортаға зиянсыз болатынын ескере отырып, оларды қолдануды қарастыруға дайын» деп хабарлады.

Осыған байланысты елордада жәндіктердің ұшатын түрлерін жою үшін химиялық препараттарды қолданудан әзірге бас тарта алмайды деген қорытынды жасауға болады. Бұған дейін біз Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да осындай жағдай қалыптасқанын жазған болатынбыз.

Еске сала кетейік, жақында ФБРК негізін қалаушы Кирилл Павлов Павлодарда болды, онда мамандар айтқандай, өзен жағалаулары мен су айдындарында маса және шіркей дернәсілдерімен күресу үшін биологиялық препараттар қолданылады.

Алайда өңірде жәндіктердің ұшатын түрлерімен су айдындарынан елді мекендерге дейінгі жолда жәндіктерге инсектицидтік кедергі жасауды көздейтін кедергілік өңдеу әдісімен күреседі.

Сонда жергілікті сарапшылар өңірде қанатты зиянкестерге тиімді әсер ете алатын биопрепараттарды қолдануға дайын екенін, бірақ мамандарға мұндай препараттардың бар екендігі белгісіз екенін атап өтті.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында жәндіктермен күресудің негізгі әдісі ретінде инсектицидтерді қолдануды көздейтін химиялық әдіс қана қолданылатыны анықталды.

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде атап өткендей, нормативтік-құқықтық актілерде биологиялық әдісті, атап айтқанда, ларвифагтарды (дернәсілжеміш балықтарды) қолдану көзделген, бірақ бұл әдісті жәндіктердің ұшатын түрлеріне қолдану, шамасы, мүмкін емес.

ФБРК редакциясы жәндіктермен күресу кезінде қауіпсіз препараттарға артықшылық беруді үнемі ұсынады. Кейбір өңірлерде атқарушы органдар инсектицидтік құралдарды қолданудан бас тартуға қарсы емес сияқты, бірақ тиімді әрі қауіпсіз құралды қайдан алуға болады – бұл әзірге жұмбақ болып қалады.