Елордалық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында 429,3 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды, өтелуге 395,4 млн теңге жатады.
«Nege.Aqsha» Telegram-арнасының мәліметінше, бюджеттен әуе айлағына үш агрегат – ВИП-Солтүстік терминалына арналған телескопиялық трап, ықшам сыпырғыш-үрлегіш машина және апаттық-құтқару және эвакуациялық жұмыстарға арналған жабдық сатып алуға қаражат бөлінген. Алайда, анықталғандай, әуежай олардың тек екеуін ғана сатып алған.
Сонымен қатар, әуежай жабдықты жоспарланған сомадан қымбатқа сатып алғаны белгілі болды. Бастапқыда сыпырғыш-үрлегіш машиналарды 936 млн теңгеге сатып алу жоспарланған, бірақ соңында 1,3 млрд теңге жұмсалған.
«Бюджет қаражатын негізсіз пайдалану 395,4 млн теңгені құрайды (1,3 млрд теңге – 936 млн теңге). Жобаны іске асырудың негізгі мақсаты жалпы сомасы 2,8 млрд теңге болатын үш компонентті сатып алу болып табылады. Алайда Қоғам бөлінген бюджет қаражатына тек екі компонентті (ВИП-Солтүстік терминалына арналған телескопиялық трап 1 дана және ықшам сыпырғыш-үрлегіш машина 4 дана) сатып алды. Осыған байланысты жобаның мақсаты орындалмады, анықталған қаржылық бұзушылық сомалары бюджетке өтелуге жатады», – деп мәлімдеді сотта.
Өз кезегінде әуежай өкілдері мұны жобаның қаржы-экономикалық негіздемесі 2020 жылы әзірленгенімен түсіндірді. Олардың айтуынша, инфляцияға байланысты жобаның құны 15,5 %-ға, яғни 417,1 млн теңгеге өскен.
«Іс жүзінде жоба жалпы сомасы 3,3 млрд теңгеге – бюджет қаражаты есебінен 2,8 млрд теңгеге және Қоғамның меншікті қаражаты есебінен 448,3 млн теңгеге жүзеге асырылды, осылайша республикалық бюджетке жүктеме азайтылды», – деп мәлімдеді әуе айлағының өкілдері.
Осыған қарамастан, сот бас көлік прокуратурасы мен Астана бойынша Антикор департаментіне әуежайдағы бұзушылықтарға байланысты шара қолдануды тапсырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордалық «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ мемлекеттік сатып алу порталында бір өрт сөндіру көлігін 738 105 838 теңгеге сатып алу лотын жариялаған болатын.
Сондай-ақ Павлодар әуежайының көлік құралдарын асыра бағамен сатып алмақшы болғаны хабарланған. Ұйым екі жүк көлігін 64,4 млн теңгеге, ассенизаторды 46,4 млн теңгеге және самосвалды 31 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған.
Алайда мұндай арнайы техниканың құны мәлімделгеннен әлдеқайда төмен болып шықты. Мысалы, нарықтағы ассенизаторлардың орташа бағасы 21 млн теңгені, самосвалдың шамамен бағасы 25 млн теңгені құрайды. Антикор еріктілерінің араласуынан кейін сатып алу тоқтатылды.
Фонд-бюро расследования коррупции