Алматы полициясы көше-жол желісін тексеру барысында жол төсемі мен инфрақұрылым элементтерінің шамамен 4 мың ақауын анықтады.
Polisia.kz мәліметінше, жыл басынан бері полиция департаменті қалалық қызметтермен бірлесіп, жол учаскелеріне 2 мыңнан астам тексеру жүргізді. Лауазымды және заңды тұлғаларға қатысты 5,5 млн теңге сомасына 140 хаттама жасалып, бұзушылықтарды жою бойынша 2 мыңнан астам нұсқама берілді.
Ведомствоның ақпаратынша, жолдарды салу және күтіп-ұстау кезінде бұзушылықтарға жол берген мердігер ұйымдар мен жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылады.
Жыл соңына дейін Алматыда 120 км-ден астам автомобиль жолдарын, тротуарлар мен веложолдарды салу және жөндеу, сондай-ақ аялдама кешендері мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау жоспарлануда.
«Мен барлық жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді сақтауға, мұқият және бір-біріне құрметпен қарауға шақырғым келеді. Тек бірлескен күш-жігерімізбен ғана біз жолдарымызды қауіпсіз және ыңғайлы ете аламыз», — деді Алматы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Қылышбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының Шу аудандық сотында Меркі – Шу – Бұрылбайтал трассасындағы жойылмаған ақаулар туралы іс бойынша шешім шығарылды. Мердігер ұйым нұсқаманы елемегені үшін 1,9 млн теңге мөлшерінде айыппұлға тартылды.
Фонд-бюро расследования коррупции