Skip to main content

Ақтөбе спорт мектептерінің басшылары бюджет қаражатын букмекерлік кеңселерде ұтылдырған

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбе облысының прокуратурасы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің директорлары спорт алаңдарын жалға алудан спорттық командалардан түскен қаражатты иемденгенін анықтады.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, олар 6 млн теңгеден астам қаражатты жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсаған.

«Сонымен қатар, «Ақтөбе» футбол клубы командасының ұшуы бойынша авиақызметтерді бірнеше делдалдар арқылы қымбат бағамен, 165 млн теңгеден астам сомаға сатып алу фактілері анықталды», - делінген хабарламада.

Осы фактілер бойынша облыс прокуратурасы ҚК 189-бабының 4-бөлігі (Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе ысырап ету) бойынша 3 сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Тексеру нәтижелері Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды, онда жауапты мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру жағдайын түзету, бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалану тапсырылды», - делінген хабарламада.

Соңғы 3 жылда кәсіби клубтарды дамытуға жұмсалған шығындар 2 есеге өскені атап өтіледі. Бюджеттен республикалық және халықаралық жарыстарға дайындық пен қатысуға 13 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Еске сала кетейік, биылғы жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спорт саласында 60-қа жуық бұзушылықты анықтады. Мемлекетке келтірілген залал 1,3 млрд теңгені құрады.

Ведомство «Спортты дамыту дирекциясы» мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшысына, оның орынбасарына және басқа да қатысты адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын хабарлады. Олар «Artsport» бағдарламасы аясында 746 млн теңге бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты тағы бір тергеуді аяқтады. Ол спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына баруына қаражат бөлу үшін өзіне бағынысты Олимпиадалық резервті даярлау орталығының жаттықтырушысынан 1,7 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.