Жезқазған тұрғыны, белсенді Әсел Айтмағамбетова Ұлытау облысындағы әлеуметтік және коммуналдық жағдайды сынаған бейнероликтерді жариялағаны үшін жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Сот Айтмағамбетованың әрекеттерін әкімшілік құқық бұзушылық деп танып, материалдарды «әкім қызметін беделсіздендіруші» деп бағалады.
ORDA деректері бойынша, биылғы мамырда Айтмағамбетова Қостанайдан Жезқазғанға көшіп келген. Ол өз сөзінше, елдегі ең бай қалалардың бірі саналатын қаланың инфрақұрылымы мен тұрмыс деңгейіне таң қалған.
«Қала XIX ғасырда қалып қойғандай. Су лай, сүзгілерден өтпейді. Адамдар жұқтырып алады, онколог мүлдем жоқ. Жолдар да жоқ. Бәрі соғыстан кейінгідей қираған. Мені Жезқазған туралы шындықты көрсеткенім үшін айыппұлға тартты. <…> Жұмыссыздық, жұмысқа орналасудағы пара — осының бәрі бар», — деді Айтмағамбетова.
Ол TikTok әлеуметтік желісінде Жезқазған тұрғындарының қалай өмір сүретінін, күнделікті қандай проблемаларға тап болатынын көрсете отырып, үнемі видео жариялай бастады. Бір роликте Әсел облыстық көпбейінді аурухананың жағдайын көрсетті.
«Кір жуу бөлмесінде антисанитария. Бәрі ескі, жылыту жоқ — жылу пушки қойған», — делінген роликте.
Бұл видеоның астындағы пікірлерде облыстың денсаулық сақтау басқармасының ресми аккаунты мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланғанын хабарлады: қаражатты Ұлытау облысының әкімдігі мен мәслихаты бөлген, мердігер анықталған, ал жұмыстар биылғы 1 маусымда басталады.
Айтмағамбетованың мәлімдеуінше, оның сыны ең алдымен облыс әкімі Дастан Рыспекке бағытталған. Белсендінің айтуынша, 18 маусымда оған полиция департаментінің қызметкері қоңырау шалып, «түсіндіру әңгімесіне» шақырған, алайда ол ресми шақырту қағазын алмаған және келуден бас тартқан. Әселдің айтуынша, 19 маусымда облыс әкімінің өзі оған арыз жазған, содан кейін полиция әкімшілік іс қозғаған.
Тоғыз бейнеролик сараптамаға жіберілді. Психологиялық-филологиялық сараптама оларды зерттей келе, материалдар әкімнің қызметін беделсіздендіруге бағытталған, халық арасында теріс пікір қалыптастырады, ал жекелеген пікірлер Дастан Рыспектің абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді деген қорытындыға келген. Нәтижесінде Жезқазған соты Әсел Айтмағамбетованы кінәлі деп танып, оған 495 432 теңге көлемінде айыппұл салды.
«Мен оны халық қызметшісі ретінде сынға алдым. Бірақ ол шыдамады — қасыма келмей, бірден арыз жазды. Төрт күн ішінде сот өткізіп, жазалады», — деп түсіндірді Айтмағамбетова.
Фонд-бюро расследования коррупции