Шымкент қаласы полиция департаменті көші-қон басқармасының бастығы Сұңғат Түгелбаев сыбайлас жемқорлық үшін сотталды. Істе көрсетілген сома – 8 мың АҚШ доллары.
inbusiness.kz мәліметінше, бұрынғы бастық шетелдіктерге тұруға ықтиярхат беру және азаматтық беру үшін пара алған. Полицеймен бірге делдал Ақмарал Сойырқаз да сотталды.
«Сойырқаз өзінің таныстары А.-ға ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат алуға және З.-ны ҚР азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдауға көмектескісі келіп, парақорлықта бірнеше рет делдалдық ету мақсатында Шымкент қаласы ПД көші-қон басқармасының бастығы Түгелбаевпен оның қызметтік кабинетінде кездесіп, А. үшін 3000 доллар және З.-ға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін 5000 доллар көлемінде пара берді», – делінген іс материалдарында.
Әйел өз кінәсін мойындап, оны жазадан босатуды сұрады. Ал бұрынғы көші-қон полициясы басқармасының бастығы кінәсін толығымен жоққа шығарды.
Нәтижесінде сот Сойырқазды парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танып, шын жүректен мойындағанын ескере отырып, оған – 7 137 140 теңге айыппұл салды.
Көші-қон полициясының бастығы Түгелбаев та бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол полиция полковнигі атағынан айырылды.
Сондай-ақ сотталғандарға өмір бойы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енбегені, тараптар оған шағым жасай алатыны хабарланды.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Абай облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Гүлвира Дөненбаеваны ұстаған болатын. Дөненбаева өзінің бағынышты қызметкері арқылы аудандық полиция қызметкерін көші-қон қызметінің муниципалды бөлімшесіне ауыстыруға көмектескені үшін 1000 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны хабарланған еді.
Фонд-бюро расследования коррупции