Skip to main content

15 млн ұрлаған Ұлытау облысындағы балабақшаның бухгалтері

Submitted by Вера Александрова on

Бухгалтер балабақшаның 2021 жылдан 2023 жылға дейін өз жалақысын көтеріп көрсеткен – нәтижесінде 3 жыл ішінде өз банктік шотына 15 млн теңгеден астам аударған. 

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы қарыздарын өтеу мақсатында қылмысқа барғанын түсіндірген. 

Сотта кінәні жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкіну, келтірілген залалды толық өтеу, сондай-ақ үш кәмелетке толмаған баланың асырауында болуы танылды. Сот сотталушыға шартты жаза тағайындады.

«Сотталушы ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тауарлық-материалдық құндылықтарды басқаруға байланысты лауазымдарды 10 жылға атқару құқығынан айырылды. ҚК-нің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза пробациялық бақылау белгілей отырып, шартты деп есептелінсін», – делінген үкімде.

Еске салайық, маусым айында хабарланғандай, ШҚО-да «Катюша» балабақшасының бухгалтері үш жыл бойы жалақыға артық сомаларды есептеген. Барлығы өз шоттарына 12 млн теңгеден астам аударған.

Мамыр айында Жаңаөзен прокуратурасы екі мемлекеттік балабақшаның бухгалтері бюджет қаражатын ұрлағанын анықтады. Ол өз шотына 30 млн теңге аударған.

Наурыз айында белгілі болғандай, Павлодарда балабақша директоры бухгалтермен сөз байласып, 63 млн теңгеге жуық ұрлық жасаған. Сот оларды кінәлі деп танып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.