Skip to main content

Армениядан келген трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ қазақстандықтарға қатысты алаяқтық жасады деп күдіктеледі

Submitted by Вера Александрова on

Армения астанасында 41 қатысушысы ұсталған қылмыстық топ Қазақстан және басқа елдердің азаматтарына қатысты алаяқтық жасады деп күдіктелуде.

Polisia.kz мәліметінше, Қазақстан ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Армения тергеу комитетінің аса маңызды істерді тергеу бас басқармасының бірлескен операциялары нәтижесінде күдіктілер ұйымдастырған екі call-орталықтың қызметі тоқтатылды. 

«Қазақстан және еуропалық елдердің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықпен айналысқан, жәбірленушілерге ақшаны ірі инвестициялық компанияларға салуды ұсынған трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен мүшелері анықталып, ұсталды», - делінген хабарламада.

Тінту кезінде құқық қорғау органдары 70-тен астам компьютерлік техника, бір келіге жуық алтын, 5 автокөлік, 30 мың АҚШ долларын, ресей рубльдерін, грузин лариін және криптовалюта әмиянын тәркіледі.

Қылмыстық топ Армения, Грузия, Иран, Сирия және Ливан азаматтарынан құралғаны атап өтіледі.

«Қазіргі уақытта армян тарапы Қазақстан ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің жәрдемдесуімен тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Олар барлық мән-жайларды, қосымша эпизодтарды, құқыққа қарсы әрекетке қатысушыларды, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына келтірілген залал сомасын анықтауға бағытталған», - делінген хабарламада.