Skip to main content

14 рет күніне ақшаны алаяқтарға аударды ақтөбелік әйел

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбе тұрғыны алаяқтардың қоңырауынан кейін өзіне 7 млн теңге несие рәсімдеген. 

polisia.kz мәліметінше, оған белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін ҰҚК және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған. 

Әйелге алаяқтар оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатыр, ал қылмыскерлерді ұстау үшін бірнеше банкте айна несие рәсімдеу қажет екендігі айтылған. 

Жәбірленуші ешнәрсеге күдіктенбей, қоңырау шалушылардың барлық шарттарын орындаған: күн ішінде үш банкке барып, өзіне 7 млн теңге несие рәсімдеген. Одан кейін 14 төлеммен алған қаражатты терминал арқылы алаяқтар көрсеткен әртүрлі банктік шоттарға аударған. 

Тек үш күннен кейін әйел алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген.

«Тағы бір рет ескертеміз, банк қызметкерлері WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалмайды, телефон арқылы жеке деректерді айтуды және телефонға қосымшаларды жүктеуді сұрамайды, әртүрлі несиелер рәсімдеп, ақша аударуды талап етпейді», – деп атап өтті Ақтөбе облысы ПД киберполиция бөлімінің басшысы Галина Стырличук.

Еске салайық, бұған дейін белгілі болғандай, алаяқтар қазақстандықтарға өздерін министрлер ретінде таныстырып, жалақыға дейін ақша сұрап хабарламалар жіберуде.