Skip to main content

12 млн жымқырды Таразадағы балабақша директоры

Submitted by Вера Александрова on

Тараз қаласындағы жеке «РозАль орталығы» балабақшасында мемлекеттік бюджеттен мектепке дейінгі ұйымды қаржыландыруға бөлінген 12 млн теңгеге жуық қаражат жымқырылған.

Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, балабақша меңгерушісі мекемеге нақты бармаған балалар үшін бюджет қаражатын алып отырған.  

«Алаяқтық фактісі бойынша қалалық прокуратурада қылмыстық іс тіркеліп, оны тергеу Жамбыл облысының экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде Тараз қаласының №2 соты балабақша меңгерушісін кінәлі деп танып, оны 4 жыл бас бостандығынан айыруға және 3 жыл бойы тәрбие немесе оқыту қызметін көрсететін ұйымдар мен мекемелерде қаржыға байланысты материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға тыйым салуға соттаған.  

Сот үкімінің заңды күшіне енбегені хабарланады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада балабақша меңгерушілері, ЖШС директоры және балабақша қызметкері 35 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, СҚО Аққайың және Тайынша аудандарының балабақшаларында нақты дәлелсіз себептермен келмеген балалар үшін қызметтерге ақы төленіп, нәтижесінде бюджеттен негізсіз 17 млн теңге төленгені хабарланған болатын.