Skip to main content

"Sax Invest" қаржы пирамидасының салымшылары 9 млрд теңгеден астам шығынға ұшырады

Submitted by Вера Александрова on

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Sax Invest» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізуде.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, компания өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздарды, қаржы құралдары мен басқа да активтерді ұстаушы, сондай-ақ Африкадағы алмаз өндіру жөніндегі жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде таныстырған. Ұйымдастырушылар мыңдаған салымшыдан 9 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз тартқаны атап өтіледі. 

Тергеу салымдардың басым бөлігі компанияның есепшотына емес, пирамиданы ұйымдастырушы Мендіғалиевтің жеке есепшотына аударылғанын анықтады.

Кейіннен ұйымдастырушы ақшаны жеке мақсаттарына, оның ішінде казинодағы құмар ойындарға – 2 млрд теңге, «Блайсико» бақыланатын компаниясының үлесін сатып алуға – 28 млн теңге, Атыраудан екі пәтер сатып алуға – 70 млн теңге, Атырауда жеке үй салуға – 120 млн теңге, шетелде демалуға – 377 млн теңге, сондай-ақ қызының Лондондағы оқу ақысын төлеуге – 53 млн теңге жұмсаған. 

Қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға тырысып, 2023 жылдың басында Мендіғалиев 143 салымшымен 1,2 млрд теңгеден астам залал сомасына медиативтік келісімдер жасасқан.

Сонымен қатар, ол 2023 жылдың соңына дейін мыңнан астам салымшыға 7 млрд теңге сомасында ақшаны қайтару туралы кепілдік міндеттемелер берген. Осыған қарамастан, салымшылар ақшалай қаражатты алмаған.

2024 жылдың қарашасында Мендіғалиев халықаралық іздеу жарияланған. Сот санкциясымен жалпы құны 600 млн теңге болатын күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Активтердің ішінде: 4 пәтер, 2 жеке үй, 2 автокөлік, цифрлық активтер – 10 мың USDT, сондай-ақ «ForteBank» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ бағалы қағаздары бар.

Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау аумақтарында қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарған 10 адам күдікті деп танылды. 7 адамға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Естеріңізге сала кетейік, «Sax Invest» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы өткен жылдың қазан айында хабарланған болатын.