Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы пирамидасын құру және басқаруда айыпталған айыпталушыға үкім шығарды. Оның көмекшілері де сот отырысына тартылды.
Елордалық соттардың баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушы бірнеше ЖШС-нің басшысы бола отырып, 2020 жылдың шілдесінен 2023 жылдың қазанына дейін құрылыс материалдарын жеткізу сылтауымен 11 компаниядан 114 млн теңгеден астам соманы жымқырған.
Кәсіпкерлік қызметті имитациялау үшін ол бірнеше ЖШС сатып алып, олардың басшылығына жалған адамдарды тағайындап, солардың атынан компаниялардың қызметі туралы ақпарат таратқан.
«Қаржы пирамидасының жұмысы салымшылардың ақшасын қайта бөлу есебінен қамтамасыз етілді: кейінірек салынған қаражат бұрын ақша салғандардың пайдасына бағытталды», - делінген хабарламада.
2021 жылдың шілдесінен 2023 жылдың мамырына дейін айыпталушы бақылауындағы компаниялар арқылы 90-нан астам адаммен «қарыз», «инвестициялау» және «өтеулі қызмет көрсету» шарттарын жасасып, нәтижесінде азаматтардың 1 млрд теңгеден астам қаражатын тартқан.
Сот қаржы пирамидасының басшысын кінәлі деп танып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның екі көмекшісі 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталғандарға 6 жыл бойы азаматтардың ақшасын және инвестицияларды тартумен айналысуға тыйым салынды.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының соңында Астанада трансұлттық ұйымдасқан топ құру және басқаруда айыпталған айыпталушыға үкім шығарылды. Ол «Questra Holding ins» қаржы пирамидасын құруда айыпталып, одан ҚР-ның 529 азаматы 1 млрд теңгеден астам материалдық залал шеккен.
Одан сәл бұрын Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Ақтөбе облысында «World Business Consulting» қаржы пирамидасының филиалын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдіктілердің әрекетінен келтірілген залал шамамен 60 млн теңгені құрады.
Қазан айының ортасында ҚМА Алматыда «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Қылмыскерлер салымшылардың қаражатын тартып, салынған сомадан 10-15% табыс уәде еткен. Залал 255 млн теңгені құрады.
Фонд-бюро расследования коррупции