Маңғыстау аудандық соты түйе иелерінен жүк пойызының мәжбүрлі тұрып қалуы үшін 251 мың теңгеден астам қаражат өндіріп алды. Қараусыз қалған жануарлар теміржол жолына шығып, пойыз дөңгелегінің астында қалып өлді.
СОҚТЫҒЫС ҚАЛАЙ БОЛДЫ
Маңғыстау облысы соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, Бейнеу – Маңғыстау бағытында келе жатқан жүк пойызының алдында теміржол жолына үш қараусыз түйе кенеттен шығып қалған.
Машинист апаттық тежеу қолданған, алайда пойыздың салмағының үлкендігіне және жануарларға дейінгі қашықтықтың аздығына байланысты соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады.
Үш түйенің барлығы өлді, ал пойыз жолда бір жарым сағатқа жуық кешікті.
ЖАНУАРЛАР ИЕЛЕРІ ҚАНДАЙ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРДІ
Полиция түйе иелерін ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігі бойынша («Малды теміржол жолы арқылы айдау және оны теміржолдардың бөлінген жолағында жаю ережелерін бұзу») әкімшілік жауапкершілікке тартты. Хаттамалар олардың қатысуымен жасалды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың үлгілік ережелеріне сәйкес теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаюға және жануарларды белгіленбеген жерлерде жол арқылы айдауға тыйым салынады.
СОТ НЕ ШЕШТІ
Сот жануарлар иелерінің заңнама талаптарын бұзып, жануарларды қараусыз қалдырғанын анықтады.
ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабының 1-тармағына («Зиян келтіру үшін жауапкершіліктің жалпы негіздері») сәйкес, құқыққа сыйымсыз әрекеттермен немесе әрекетсіздікпен зиян келтірген адам оны толық көлемде өтеуге міндетті.
Маңғыстау аудандық соты теміржол тасымалдаушысының талап арызын толық қанағаттандырып, жануарлар иелерінен ортақ жауапкершілік тәртібімен 251 мың теңгеден астам қаражатты, сондай-ақ сот шығыстарын өндіріп алды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Фонд-бюро расследования коррупции