Сенаторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңдар пакетін қабылдады. Құжаттар пара беруге уәде беру, ұсыну немесе талап ету үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізеді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты шектеулерді күшейтеді.
СЕНАТОРЛАР ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Парламент Сенаты аппаратының басшысы Максим Споткайдің айтуынша, жаңа енгізілімдер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, жауапкершілікті күшейтуге және мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын жоюға бағытталған.
Негізгі өзгерістердің бірі пара алу және беру үшін ғана емес, сонымен қатар пара беруге уәде беру, ұсыну немесе талап ету үшін де қылмыстық жауапкершілікті енгізу болды.
Сондай-ақ заң шығарушылар мүдделер қақтығысының алдын алудың толыққанды тетігін бекітті. Мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген адамдарға лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүдделері үшін пайдалануға тыйым салынады.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ЕРЕЖЕЛЕР ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ
Түзетулер жеке мүдделерді декларациялау міндетін енгізеді және мүдделер қақтығысы туындаған кездегі іс-әрекеттер тәртібін белгілейді.
Сонымен қатар, туыстар мен байланысты адамдардың бірлескен қызметіне шектеулер күшейтіледі. Жаңа ережелер тікелей бағыну жағдайларына ғана емес, сонымен қатар жанама ықпалға, ішкі бақылауға, кадрлық сүйемелдеуге және әсер етудің басқа нысандарына да қолданылады.
Қабылданған заңға сәйкес, бір ведомствода басшының жиендеріне, балдыздарына, қайын інілеріне, күйеуінің бауырларына және күйеу балаларына жұмыс істеуге тыйым салынады.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШЕКТЕУЛЕР КІМДІ ҚАМТИДЫ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге жататын адамдар тобы кеңейтіледі. Өзгерістер квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне және бюджет пен Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларға қатысушыларға да әсер етеді.
Сондай-ақ заңда «Е-қызмет» цифрлық кадрлық жүйесінің жұмысы бекітіледі. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы кадрлық процестер бірыңғай цифрлық форматқа көшіріледі.
ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙТІЛЕДІ
Қабылданған түзетулер мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда заңсыз сыйақы алу үшін жауапкершілікті қатайтады.
Бір мезгілде заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілігі артады. Жеке тұлғалар үшін әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша ескіру мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұлғайтылады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдар үшін шектеулер нақтыланады. Өмір бойы жұмысқа орналасуға тыйым салу мемлекеттік функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға қолданылатын болады.
Фонд-бюро расследования коррупции